Шетел импортын шектеген зауыт: Астанада медицина бұйымдары қалай өндіріледі
Фото: Ulysmedia.kz
Әлем экономикасы бұрын-соңды болмаған өзгерістерге ұшырап жатыр. Баяғыдан қалыптасқан сауда жолдары жабылып, протекциялық ұстаным күшейіп, әр мемлекет бүгін де ең алдымен өз қамын ойлайтын заман келді. Бір ғана қант жыры есіңізде болар. Көрші елдің импортты күрт қысқартуы Қазақстанда азықтың бұл түрінің бірден қымбаттауына апарып соққан. Міне, сондықтан қазір кез келген тауардың өз елімізде өндірілуінің маңызы зор. Әйтпегенде, тауар отандық болмай, қымбатшылық еңсерілмейтінін шенеуніктер де айтып жүр. Сондай қажетті тауардың бірі – қант компоненттеріне арналған медицина бұйымдарын өндіретін Астанада «EiraMed» атты зауыт бар. Бірегей кәсіпорында ұйымдастырылған баспасөз турына Ulysmedia.kz тілшісі барып, отандық өнім түрлерімен танысып, оның медицинадағы маңызына үңіліп көрді.
Бағасы төмен отандық өнім
2019 жылдың қаңтарында пайдалануға берілген зауыттың фармацевтикалық саламен айналысуға мүмкіндік беретін лицензиясы бар. Онда алғашқы полимерлі контейнер 2019 жылдың 9 қазанында өндіріліп, сол жылдың соңына дейін компания өнім шығаруға жол ашатын сертикаттардың бәрін алып үлгереді. Оның ішінде ISO талаптарына сай халықаралық сертифат және тауардың өз елімізде жасалатынын білдіретін «СТ-KZ» сертификаты да бар.
Қазіргі таңда зор ауқымда атқарылған жұмыстардың арқасында зауыт өз әдісі бойынша медицина бұйымдарының 23 түрін шығарады. Өз әдісінен бөлек, зауыт әлем брендтерінің технологияларын көшіріп, толық қанды бөлу және даярлау бағытында Францияның Macopharma, қан компоненттерін аферезді әдіспен даярлау бағытында АҚШ-тың Haemonetics Corporation және қан компоненттерінің инактивациясын даярлауда АҚШ-ттың Cerus Corporation технологиясын пайдаланады.
Кәсіпорынның өнімдерін негізінен Астананың, Алматы мен Шымкенттің, облыс орталықтарының Қан орталықтары алады. Зауыттың қазіргі қуаттылығы жылына 250 мың бұйым өндіруге қауқарлы. Бүгіннің өзінде зауыт 90% жүктелген. 150 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Осы зауыттың арқасында елдегі қан қызметтерінде полимерлі контейнерлерге деген сұраныс толық қанағаттандырылып, импорт күрт азайған. Шетелдік өндірушілермен бәсекеге шыдас беруге ең бірінші кезекте, өнімнің сапасы мен бағасының арзан болуы. Еуропа елдері мен Оңтүстік Кореядан шикізат әкелінеді. Ал арнайы экономикалық аумақ инфрақұрылым, салық және кеден жағынан зауытқа басымдықтарды береді.
«EiraMed» зауытының өндіріс жөніндегі директоры Михаил Шахматов
Зауыттағы 150 адамның орташа айлығы 293 мың теңге. Кәсіпорын Еуропа одағының елдерінен алған шетелдік инвестиция тарту, сондай-ақ РБК Банктің несиесі мен «Даму» қорының субсидиясының арқасында кәсібін дөңгелетіп әкеткен. «EiraMed» зауытында өндірілетін медицина бұйымдарының бағасы шетелдік баламасынан 7-12% деңгейінде төмен.
Бүкіл Қазақстанды қамти аламыз…
Зауыттың өндіріс жөніндегі директоры Михаил Шахматов алдымен бізге зауыт өндірісінің толық циклін таныстырды. Әлбетте, медицина бұйымдары ең бірінші кезекте, адам өмірінің игілігіне жарайтындықтан, бұл зауыттың кез келген өндіріс орнына қатаң талаппен, медициналық киіммен кіру керек. Зауытта байқауымызша, жұмыс уақытында қызметкерлер бір сәт те дамыл таппайды. Қыж-қыж қайнаған өндіріс, бұйым шығаратын техникалар дамылсыз жұмыс істейді. Қоймаларда жұмыс қызу. Пленкалармен, инелермен өндіріс қатаң талаппен жүргізіледі. Қан компоненттерін әзірлеуге, сақтауға, тасымалдауға арналған медицина бұйымдарының арнайы қоймалары да бар. Қанның тромбоцит, эритроцит, плазмасын сақтау үшін өндірілетін геммоконтейнерге сұраныс жоғары.
«Бұл зауыт ашылмай тұрып, Қазақстанға қажетті медицина бұйымдары Қытайдан, Үндістан мен Ресейден әкелінетін. Зауыт құрылтайшылары елге бәрібір күндердің күнінде осындай өндіріс қажет болатынын жіті түсініп, компания ашуды ұйғарған», — дейді Михаил Шахматов.
Журналистерге зауыттағы өндіріс циклінен бастап қоймалардың, су сақтайтын және жұмыс киімі жуылатын орындардың бәрі көрсетілді. Арнайы қоймалардағы температураға қатаң мән беріледі. Өйткені тапсырыс берушіге өнім дайын әрі сапалы күйде жеткізілуі керек. Зауыт өкілінің айтуынша, қан компоненттерін сақтайтын медицина бұйымдарымен компания бүкіл Қазақстанды қамти алады. Дегенмен, отандық өндірісті қолдамай, Еуропа елдерінен, Қытайдан бұйымдарды алғысы келетін медицина мекемелері де бар екен. Әзірге «EiraMed» өнімдері басқа елдерге экспортталмайды. Алайда Михаил Шахматов ЕАЭО шеңберінде Ресей, Беларусь елдеріне өнімдер ұсынылып отырғанын айтады. Тиісті құжаттар реттеліп, Еуразиялық экономикалық комиссия сапа стандартын растаса, келесі жылдың өзінде зауыт медицина бұйымдарын шет елдерге экспорттауға дайын.
«Статистикаға қарасақ, Қазақстанда жылына 220-260 мың донация өндіріледі. Сол донациялар біздің бұйымдарды пайдалана алады. Зауыт өндіретін 23 бұйымның әрбірінің рұқсат куәлігі берілген. Зауыттың локализациясы 50 пайыздан асады. Облыс орталықтарындағы барлық Қан орталықтары біздің өнімді пайдаланып отыр. Одан бөлек, біз СК-Фармация компаниясымен келісімшарт жасасқанбыз. Ұзақмерзімді келісімшартпен екі жылдан бері олармен сәтті жұмыс жүргізіп келеміз. 16 желтоқсанда оларға келесі бұйымдар легін жібереміз», — дейді Михаил Шахматов.
Михаил Шахматов өндіріс болғаннан кейін кейде өнімдер «брак» болып шығатынын жасырмайды. Алайда зауыт мұндайда тапсырыс беруші жарамсыз деп таныған бүкіл өнімдердің орнына дұрысын тегін ұсынады екен.
Кедергілер жоқ емес
«EiraMed» компаниясының бас директоры, акционері Ерлан Исабеков осы зауытты ашқан кезде ең біріншіден, қан компоненттерінің қажеттілігі жағынан бұл шаруаның ұлттық маңызы барын түсіндік дейді. Екіншіден, импортты шектеліп, қолға алынған жобаның әлеуметтік маңызы барына баса мән берілген.
«Ақыры, жұмысты бастап, содан бері өте ауқымды істер атқарылды. Қаншама келіссөздер жүргізіп, шет елдерден технологияларды алып келдік. Біздің өнімдердің 95 пайызы СК-Фармация арқылы сатылып келе жатыр. Өйткені біздің өнімнің қажеттілігі тек белгілі бір салаларды, қан қызметін қамтиды», — дейді ол.
Зауыт басшысынан қандай кедергілер бар деп сұрағанбыз. Ерлан Исабековтың айтуынща, кедергілер бар. Мәселен, мемлекет зауытқа қанша көмектесіп жатқанымен, тапсырыс берушілердің кейбірі әртүрлі себептерді желеу қылып, отандық өнімдерден бас тартып жатады екен.
«Алайда олар ол үшін ешқандай жауапкершілікте болмайды. Өндіріс бар жерде «брак» та бар. Алғашқы 2019-2020 жылдары ұжым алғаш қалыптасып, өндіріс ошақтарын реттеп жатқан кезде болған, алайда соңғы 2022 жылда біздегі «брак» деңгейін қатты төмендеттік. Қай жерде сондай шағым түсіп жатса да, біз бәріне бірден жауап қатып, тегін ауыстырып беріп отырмыз. Себебі абырой керек. Қазір зауыт 200 млн теңге көлемінде салық төлеп отыр. Қалай жұмыс істеп жатқанымызды, не тындырғанымызды журналистерге баяғыдан көрсеткіміз келген. Өйткені қазірге дейін атқарылған шаруа – үлкен жетістік. Бізде 150 адам жұмыс істеп жатыр. Әрбірінің отбасы бар. Аутсорсинг арқылы тағы 300-ге тарта адам еңбек етеді. Бізді картонмен, типографиямен айналысатын отандық компаниялармен де қызу жұмыс істейміз. Оған қоса шетелдік нарықтарға шықсақ дейміз. Сол арқылы өндірісті арттырып, қызметкерлерді де көбейткіміз келеді», — деп түйді Ерлан Исабеков.